1700-жылдары Ертіс өзенінің сол жағында Қазақ ұлыстарының көштері, ал оң жағында Жоңғар қонтайшылары көшіп жүріп еді. Бұған дейін Сібірдің байлығына кенелген Ресей мемлекеті, Қазақтардың бұл көшін онша көзіне іле қоймапты. Төмендегі зерттеу Ертіс өзені бойындағы жер мәселесіне байланысты, жоңғар-қалмақ, орыс және қазақтардың қарым-қатынасы мен оның тарихы хақында.

«Қазақтар туралы Москва Ресейіне мәліметтің түсуі XVI ғасырға жатады. «Үлкен кітаптің чертежі» деген кітапта, қазақтар Сыр-Дарияның орта тұсында және одан 600 шақырым теріскей жерлерде көшіп жүреді делінген. Бұл кітапта қазақтар өз аттарымен аталған, қырғыз деген атау кейін Сібірде, Ресейдің оңтүстік Том және Енісей өлкесін көп уақыт бойы шабуылдап, мазалап отырған қырғыздармен шатыстырып берілген»-дейді Н.Коншин [ 69 бет].

«Орыстардың тұзға мұқтаждығы, ең алғаш жоғары Ертіске, Ямыш көліне келуіне себеп болды. Оған қалмақтар жиі бөгет бола бастаған соң, тұз алу үшін, 1613 жылдан бастап, казактардан құрылған біршама қарулы жауынгер ертіп жүруге тура келді» [бұл да сонда 70 бет].