Орыстардың Ертіс өзенімен жоғары қарай жіті жылжуы І Петрдің кезінде болды. Сауда-саттық жасап жүрген адамдар арқылы, Ресей мемлекетінің патшасы І Петр, Сібірдің оңтүстүгінде жатқан Азия мемлекеттері туралы әртүрлі мағлұмат және оған қоса Сібірдің генерал – губернаторы Н.Гагариннен: «Ертістің жоғарғы ағысындағы Яркент қаласынан көп алтын жуылатын көрінеді екен»-деген хабар алып, 1714 жылы 22 мамыр күні «подполковник Бухгольцтің басшылығымен, Яркент қаласын басып алу үшін экспедиция құру» туралы жарлық етеді. Міне Петрдің жарлықтағы өз сөзі: «..Бухгольц, сен Тобол барып, айтылған губернатордан (Гагариннен) 1500 жауынгер әскер аласың да Ямыш көліне барасың. Келе сала сол жерге қала салуыңды бұйырамын. Осы жаңа қамалда, әкелген кісілеріңмен қыстап қалып, жазғұтұрым мұз кете, тездетіп, сол адамдармен Яркентке жол тартасың. Ямыштан Яркентке жүрер жолдарыңда, адамдарға тиімді, ыңғайлы жерлерге, яғни өзен-сулы, орманды жерлерге азық-түлік қоймалары үшін бекініс (редут) салып отыру керек. Бір редуттан екінші редуттың арасы 6 күндік пароход жолынан аспау керек. Ол редуттарға бірнеше адам қалдырып кетіп отырасың. Ал құдай көмектесіп, Яркентке жеткен кезде, «ол қалаға жету керек, және одан соң құдайдың көмегімен қолға түсіріп, бекіну керек», сонан соң ол Дария өзеннен қалай алтын алып жатқандығын анықтау қажет. Одан әрі Дария өзенінің қайдан ағып шығып жатқанын білу де керек. Қолға түскен шведтердің ішінен қолынан инженерлік іс келетін, артилерия және минералды білетін бірнеше адам алу керек. Қалған кезде осы жарлықты орындау үшін, жылы шырай танытып, әділетті болып, жергілікті жағдайға байланысты шешім қабылдау қажет» , бұл да сонда [71-72 беттер].