Жоғарыда аты аталған князь Н.П.Гагарин І Петрге жазған хатында Яркент маңындағы өндірілетін алтын туралы аңызын айта кеткен едік. Яркентті Ертістің бойында деп Гагарин қате мәлімет берген еді. Ал шын мәнінде Яркент Батыс Жоңғарияда, қазіргі ҚХР-сы СУАР-ның оңтүстік шығысындағы Яркент қаласы, Яркент өзенінің жағасында. Ертіс бойына қамалдар мен редуттар салу да Гагариннің пікірі еді дейді, тарихшылар. Оның үстіне Бухгольцтің экспедициясы да сәтсіз аяқталып, оған кінәлілердің бірі Гагарин болып табылып, ақыры оны 1719 жылы қамауға алады.

І Петр бұл кезде батыстағы істерінен бас көтере алмай, Сібірдің мәселесін ұсақ-түйек деп санап, көп көңіл бөле қоймады. Осыны пайдаланған князь Гагарин жеке «патшалық» жүргізіп, Алтайдың етегіндегі Жоңғар қонтайшысына бағынған Сібір қазақтарын тықсырып шығарды. Жоңғарлармен достық қарым-қатынаста боламыз деп, елшілер алмастырып, Қытайға қарсы Ұлы Ақ Патшаның қамқорлығында боласыңдар деп сөз беріп, ал Қытай мемлекеті мен Қазақ хандарын керісінше Жоңғарларға айдап салып отырды. Осындай соғыс зардабы екі халықтың да әлсіреуіне әкеліп, Орыстардың Ертіспен жоғары өрлеуіне жетістік береді деп есептеді Гагарин.

Ол үшін тек сылтау ғана керек еді. Батыспен өте қымбатқа түсіп жатқан соғыс, І Петрді ақша мен алтынға мұқтаж етіп отырғанын, Гагарин қатты пайдаланды.