1714 жылы князь Гагарин І Петрге өзі келіп, Яркенттен шыққан деп, үлгі алтын әкеліп көрсетеді. Дәл осы кезде, Бұхардан шыққан Нефес те, Дарияның жағасындағы Яркенттен шыққан алтын деп, дәл сондай алтын үлгісімен І Петрге келген еді. І Петр көп ойланбастан, князь Бекович - Черкасскийдің бастауымен, Хива арқылы, Аму-Дарияға бір, подполковник Бухгольцтің бастауымен Тоболдан Ертістің жоғарғы ағысына екінші экспедиция аттандырады.
Александр Бекович - Черкасский орыс әскеріндегі Кабарданың князі. Оның экспедициясы 1714 жылы басталды. Оларға Каспий теңізінің шығыс жағалауындағы Краснодар шығанағын алып, сол жерге қамал салу тапсырылды. Сонан соң, князь Бекович – Черкасскийге, Хива ханын Ресей жағына бодан болуға үгіттеп, ал Бұхар хандығын достық қарым-қатынасқа шақыру міндеті жүктелді.
Каспий теңізінің жағасына екі қамал салған князь Бекович – Черкасский, 1717 жылы, Хива ханы Шерғазымен қақтығысып қалады. Шерғазы князьді алдап соғып, өзін тұтқынға алып, кейіннен өлім жазасына бұйырады.
Міне осы оқиғадан және кейінірек баяндалатын Бухгольц экспедициясының сәтсіздігінен кейін, Орыс патшасы, ұлан-ғайыр жерді иеленіп отырған Қазақ елімен әзірше достық саясатын жүргізбесе болмайтынына көзі жетеді Әрине, ыңғайын келтіріп бодан қылып алу оның ойының түбінде болған болар. Дәл осы кезде Қазақтармен соғысу, Швед соғысынан титықтап отырған Орыс патшасы І Петрдің жоспарында жоқ еді. Сондықтан да, Жоңғарлармен де Елші жіберісіп тығыз байланыста отырған Ресейдің, «Ақтабан шұбырындыға» қатынасы жоқ деп айта алмай отырмыз. Осы тұрғыдан Сібірдің билеушісі князь Гагарин ғана Қазақ, Қытай, Жоңғарларды бір-біріне айдап салып отырыпты деп, бар пәлені Гагаринге жаба салу саясат болар. Гагарин түбінде Ресей патшасының адамы, мұндай халықаралық істі өз атынан жүргізуі неғайбыл нәрсе болар.