Енді подполковник Бухгольцтің экспедициясына келейік. 1715 жылы шілде айында экспедиция 32 ағаш және 27 үлкен 12 ескектік қайық, ішінде тұтқын Шведтер де бар, 3000 адамдық қолмен Тобол қаласынан Ертістің ағысына қарсы шығады. Тара қаласына 24 шілде күні келіп, одан 1500 ат алады оған Драгун полкының әскерін мінгізеді. Олар да Ертісті бойлай өрлеп, Жоңғарлардың тұтқиылдан шабуылының алдын алу мақсатымен, қатарласа жүріп отырады. Тарада бұларға 12 ағаш қайыққа тиеген жүгі бар саудагерлер қосылады. Ағаш қайықтарға қала салуға керекті барлық үй-құрылыс ағаштары тиеліп, онымен қайықта адам өміріне керекті барлық жағдай жасалған. Қайықтың қимылы нашар, ағысқа қарсы арқанмен сүйретіліп, ат және адам күшімен әзер қозғалатын.
Ямыш көліне кешігіп, Ертіс өзені қата бастаған кезде, 1 қазанда әрең жетеді. Осы жерге бірінші қамал салынбақ еді, ол 13 күннің ішінде кішігірім қамал түрінде салынып бітеді.
Орыстардың Жоңғарияға қарай жасап жатқан бұл қимылы Ойрат тайжілерін елеңдетіп, сол кездегі Жоңғарияның басшысы Цеван Рабдан оларға қарсы, өзінің бауыры Цэрен Дондоба бастаған он мың қол аттандырады.
1716 жылы ақпанның 9-ы күні қатты аяз болып, жоңғарлар жайбарақат жатқан орыстардың қарауылдарын қағып тастап, аттарын айдап әкетіп, қамалға шабуыл жасайды. Орыстардың азық-түлік қоймасын қолға түсіріп, 12 сағат бойы соғысады. Ақыры орыстардың артиллериясының күшімен кейін шегінуге мәжбүр болады. Бірақ жоңғарлар Бухгольц әскерін қоршап алып, үш ай бойы азықсыз, дәрі-дәрмексіз қалдырады. Әскер ашығып, белгісіз ауруға ұшырап, 2000 адамы қырылады. Бухгольцтің ауыр халынан хабардар болған патша І Петр, губернатор Гагаринге «қатты көмектес» деп бұйрық берсе де, Гагариннің көмекке онша зауқы соқпағанға ұқсайды.
Жалғыз рет қана азық-түлігі бар, әскерлерге арналған 20 мың рубль ақшасы бар Тоболдан шыққан көлікті, Ямышқа 52 шақырым жетпей, Коряков жағасында жоңғарлар қолға түсіреді. Бұл көлікті қорғап шыққан әскердің түрі: бір капитан, бір поручик және бірнеше ғана жауынгерлер еді. Олардан басқа бұлардың құрамында, Бухгольцтің экспедициясына қатысамыз деген, Швед әскери-тұтқындары мен Тобол, Тара және Том қалаларынан шыққан саудагерлер де бар болатын.Коряков жарының қасында қоршауда қалған керуен, күні кешке дейін қарсылық білдіріп, ақыры 700 адамды жоңғарлар тұтқындайды. Осылардың ішінде Шведтің штык-юнкері Иоганн Густав Ренат та бар еді. Кейін Қазақ өміріне Ренаттың бұл тұтқындалуы өте-мөте кері әсерін тигізді деп есептеледі. Себебі, Ренат жоңғарларға зеңбірек пен мортир құюды үйретіп, содан артиллериямен қаруланған жоңғарлар, 1723 жылы қазақтарға шабуыл жасайды.Зеңбірекке садақ пен шиті мылтық төтеп бере алмай, оның ақыры «Ақтабан шұбырындыға» әкеліп соқты. Ал Шведтің штык-юнкері Ренат пен поручигі Дебеш екеуі Жоңғарларға шұға жасау кәсібін және европалық үлгімен кітап басу өнерін үйретіп, 1733 жылы Ренат еліне, Швецияға қайтарылады. Ол келген соң Жоңғарияның картасын жасап, бүкіл еліне атағы шығыпты.