1716 жыл 28 сәуір күні Ертіс өзені мұздан тазалана сала, Ямышев қорғанының қалған 700 адамы, жүктерін қайықтарына тиеп алып, Ертіске түсіп кетті. Жоңғарлар бұларға қарсылық білдірмеді, керісінше тұтқынға алынған священник пен тоналған керуеннің қазына қоймашысын қайтарып берді. Қайтар жолда, 1716 жылы 20 мамыр күні, Ертіске құятын Ом өзенінің оң жақ жағалауына Омбы қорғанының негізін қалады.
Бұл сапардан соң князь Гагаринмен Бухгольцтің арасында дау-дамай өрши түсіп, ақырында И.Д.Бухгольц 1719 жылы қаңтар айында, Сенат пен Патшаның алдында «Қалмақ жеріне жорығы» туралы жауап береді. Жағдайдың мән-жәйін түгелдей тексере келе, Бухгольц ақталып, полковник шеніне көтеріліп, Нарва қамалына комендант болып тағайындалады. Ал Гагаринге келетін болсақ, 1717 жылы губернатор Гагариннің жемқорлығын тексеру комиссиясы құрылып, оның қазынадан жеген көптеген жемқорлығы ашылып, ақыры сот алдында бәрін Гагарин өзі де мойындайды. Тексеріс барысында Гагариннен 3,5 миллион ақша, көптеген асыл зат-бұйымдар табылады. Соттың үкімімен 1721 жылы 16 наурыз күні, князь М.П.Гагарин Санкт-Петербордағы юстиц-коллегия ғимаратының алдында дарға асылады.
Ұзақ жылдарға созылған (Азов, Парсы, Орта Азия, Прут жорығы, 20 жылдық Швед соғысы) соғыстар, қыруар армия мен әскери флот, жаңа астаналары Санкт-Петербордың құрылысы, Ресей мемлекетінің қазынасының түбін көрсетіп тастаған еді. Сондықтан да Яркенд алтыны туралы хабар І Петрдің құлағына жағымды тиіп, алтын көзін тезірек қолға түсіруді ойлады. Патша Бухгольцтің нәтижесіз аяқталған экспедициясынан кейін де райынан қайта қоймады. Сәтсіз аяқталған Бухгольцтің сапарынан кейін, алтын іздеу мақсатымен, Жайсаң көліне тағы да бірнеше экспедиция аттанған көрінеді. Тобол қаласынан шыққан Иван Калмыков, зеңбірекпен қаруланған 100 адам ертіп, Ямыш қамалынан Жайсаңға дейін, құрғақ жолмен, 14 күнде жеткен көрінеді. Бұл Жайсаңға келген орыстардың алды еді. Қайтарында Күршім өзенінің құйылысына келіп, өздері бірнеше қайық жасап алып, 14 күнде, Ямыш қамалына қайтып келіпті.
1718 жылы подполковник Прокофий Ступин Ямыш қамалынан Жайсаңға «Ертістің жоғарғы ағысын зерттеп, жағалауынан қамал салуға қолайлы, құрылыс ағашы бар жер іздеп, барлау» үшін, 200 адаммен капитан Инейді жіберді. Бұл экспедиция Ямыштан қазіргі Өскемен тұрған жерге дейін, кіші қайықпен алты аптада, Өскеменнен арғы Тас қойнауды алты күнде өтіп, одан соң үш аптада Жайсаң көліне келіп жетті. Экспедиция Жайсаң көлінің жағалауын зерттеп, қала салатындай оңтайлы жер таба алмайды, себебі «тас пен құм, ал орман жоқ» болып шықты.
Бұл экспедиция Ертіс өзені мен Жайсаң көлі туралы, қала саларлық ыңғайлы жер жөнінде, құрылысқа тұрарлық орман ағашы туралы біршама нақты мәлімет әкелген еді. Осы мәліметтің негізінде 1718 жылы Семипалат қамалы, 1719 жылы Уба қамалы салынған көрінеді.
Ескерту: Кейінгі кезде Е.Княжецкая басқарған топ, осы Уба қамалын Өскемен қамалы деп шатыстырып жүргенге ұқсайды. Соған байланысыты Өскемен қаласының ірге тасы қаланған уақыт-1719 жыл деп санап жүр. Оған дәлел ретінде кейінгі кезде, 1960 жылдары табылған, Ертістің жоғарғы ағысын зерттеген, 1719 жылғы Лихарев жіберген экспедицияның картасы мен жол журналын көлденең тартады. Төменде бұл туралы толығырақ тоқталамыз.
Оның алдында, Жоңғарлардың ешбір қарсылығынсыз, Ямыш қамалы қайта салынды, 1718 жылы полковник Ступин Семипалат (Семей) қамалының ірге тасын қалады. Ол қазіргі Ескі Қамал аталатын, Семейден 20 шақырымдай төмен орналасқан ауылдың тұрған жеріне салынған қамал еді.