Княжецкаяның еңбегінің арқасында табылған құжаттардың негізінде1719 жылы жіберген Лихаревтің І экспедициясының «Жол жорналы» табылды. Онда:

«Семей қамалынан 1719 жылы 24 шілде күні шықтық. Жол бойы ескекпен, желкенмен және арқан тастап жүріп отырдық. Үнемі Ертіс өзенінің сағаларының тереңдігі мен енін, олар құятын жерлерде Ертістің өзенінің де тереңдігі мен енін өлшеп отырдық. Бұқтырмадан Убаға дейін, 90 шақырым бойы, Ертіс Алтай тауын тіліп өтеді. Осы жерде ағысқа қарсы жүзу өте қиынға соқты. Су астында қаптаған кесек тастар мен ағыстың қаттылығынан, ескекпен жүру мүмкін болмады. Жағаға жабысып, ілгешек тастап, сүйрете-мүйрете әзер дегенде жылжып отырдық. Осы екі ортада, ағаш өскен 36 арал кездесті. Тас шатқалдан 9 тамыз күні шықтық. Бұқтырма өзеніне жетіп, нан пісіріп алу үшін аял болдық. 19 тамыз күні Жайсаңға келдік. Желкен көтеріп, ескек пайдаланып, Жайсаң көлін айналып шықтық. Тереңдігін өлшедік, көлдің жағасын қамыс басып кетіпті. 24 тамызда Қара Ертістің сағасына жеттік те, жоғары көтерілдік. Жоңғар қалмақтарының көштеріне кезіктік, аудармашылар арқылы бейбіт келіссөз жүргіздік. 5 қыркүйек күні кері бұрылып, Жайсаң арқылы Ертіске келіп түстік. Қайтар жолда өлшемдер жүргізген жоқпыз. Қыркүйектің 12-сі күні, Бұқтырмадан түске таман шығып, Тас қойнауды құлдай отырып, кешкі сағат 9-дан ауа Тас шаттан шықтық та, аралға келіп қондық. 13 қыркүйек күні кішірек өзенге келіп, сол күні одан шығып, 15 қыркүйек күні түнгі 10-нан аса Уба өзеніне келіп жеттік. 26 қыркүйек күні Уба қамалына келіп, онда 3,5 сөтке тұрдық. Уба, Семей, Долон-Қарағай, Ямыш, Железинка және Омбы қамалдарынан өттік. 10 қазанда Ишим острогіне келдік те, көлікке отырып, 1719 жыл 15 қазан күні Тобол қаласына келіп жеттік. Саяхат үш ай мөлшеріне созылды. Ертіс пен Жайсаңды зертте деген Лихаревтің тапсырмасы түгелдей дерлік орындалды»-деп жазылған, бұл да сонда.Бұл экспедицияның тек тәжірибелік қана мәні емес, сонымен қатар ғылыми маңызы зор болды. Бұлар Жайсаң көлін, Ертіс пен Қара Ертіс өзендерімен оның сағалары, жағаларын зерттеп, өзендердің аттарын анықтай түсіп, тереңдіктерін өлшеп шықты.Экспедиция құрамындағы геодезист Петр Чичагов, геологиялық өлшеулер жүргізіп, Ертіс пен оның салалары көрсетілген ең тұңғыш, нақты мәлімет беретін географиялық карта жасап шықты. Бұл карта да Княжецкаяның күшімен кейіннен табылып, оның І Петр кезеңіндегі география мен картографияның үлкен жетістігі екені анықталды. Бірақ біз бұл картаға одан әрі тоқталмай, Княжецкаяның арқа тіреген жерін ғана айта кетеміз. Картаның көлемі 52х64 см, бояу және тушьпен салынған екен. Бұл карта 1719 жылы жасалып, кейін 1731 жылы Жоңғар қоңтайшысына елшілік мақсатпен барған майор Угримовке көшірмесі істеліпті. Алдымен сол картаның көшірмесі, кейін оның түпнұсқасы да табылыпты. Бұл екі картаның екеуін де Чичагов жасапты, ол туралы төменгі жағында - «Бұл картаны геодезист Петр Чичагов жасап, қолын қойды»-деген жазу бар көрінеді .Сонымен поручик Сомов басқарған экспедицияның мақсаты барлау, Ертіс өзенінің картасын жасап, қаншалықты қайық пен кеме жүруге жарамды екенін анықтау ғана еді. Алтын іздеу мен қамал салу бұлардың мойнына жүктелмегенін көреміз. Сүйтіп, Сомов экспедициясы жеңіл-желпі ғана шыққан десе де болады. Қамал салу секілді үлкен жұмыс, келесі – Лихаревтің өз экспедициясының мақсаты еді. Ол үшін Лихарев 1719-1720 жылдары қыруар дайындық жұмысын жүргізгенін жоғарыда жазып кеттік. Сондықтан да Сомов экспедициясының қайтар жолда Өскемен қамалын сала алмағанын, жол жорналынан да көріп отырмыз. Жол жорналында Өскемен қамалының аты аталмайды да, Тас қойнаудан шығып, аралға келіп қондық дейді Сомов. Егер қастарында өз қамалдары тұрса, онда сонда келіп аялдамай ма?! Осы арада тағы бір кеткен қате, Уба өзенін Тас қойнаудың аузында деуі. Асылы Ульба өзенін Убамен шатыстырған секілді. Бұқтырмадан 90 шақырым Ульба өзені екені белгілі. Жорналда Ульба өзенінің аты мүлде жоқ. Барар жолда Уба мен Бұқтырманың арасын 90 шақырым десе де, қайтар жолда, Тас қойнаудан шығып Убаға дейін үш күн жүріп келгенін жазыпты. Осы жерде аздап бөгелгенге ұқсайды, 26 қыркүйек күні ғана Уба қамалына келдік деген жазу бар. Өздері өткен қамалдардың тізімінде Өскемен қамалы жоқ.