Княжецкаяның жазуы бойынша, Чичаговтің картасында Өскемен қамалы бар дейді. Картаның түп нұсқасы 1719 жылы жасалды дегені болмаса, архив құжаты бойынша Лихарев ол картаны 1720 жылы желтоқсан айында, өзінің екінші экспедициясынан кейін, Санкт-Петерборға апарып, сенатқа өзі тапсырған. Ал ол кезде Өскемен қамалының ірге тасы қаланып қойылғандықтан, Чичагов картасының соңғы нұсқасына Өскемен қамалын енгізуі мүмкін деген тұжырымға келеміз. Оған қоса, бұл картадан 1731 жылы Чичагов өзі көшірме жасапты дедік. 1719 жылғы өз жұмысына, Чичагов кейін, аздаған толықтыру кіргізуі мүмкін бе? Меніңше, әбден мүмкін. Ал картаның негізгі мақсатының бірі Ертіс өзені бойындағы қамалдарды көрсету болғандықтан, Өскемен қамалын кейін де кіргізіп қойуына Чичаговтің әбден мүмкіндігі бар еді.

Өзінің ІІ-ші экспедициясына Лихарев Тобол қаласынан 8 мамыр 1720 жылы, үш жеңіл кемемен, 189 әскер алып шықты. Маусым айының аяғында Семей қамалына келіп, сол жылғы құрғақшылық салдарынан, Ертістің суы саяздап кетуіне байланысты, бұдан әрі Жайсаң көліне кемені қойып, түбі жайдақ қайықтармен баруды жөн көрді.

440 адамы бар, 13 зеңбірек және 6 мортирмен қаруланған экспедиция, Семей қамалынан 34 қайықпен шықты. Бұлардың алты айға жетерлік азық-түлігі бар еді. Жайсаң көліне келген Лихарев, қамал салатындай жер іздеп, көлді айналып шығады. Бірақ көл жағасы төмен болғандықтан, қалың қамыс өсіп кеткен екен, сондықтан Ертістің жағасын түгел қарап шығу мақсатымен, Қара Ертіспен 12 күн бойы жоғары көтеріліп жүреді. 1 тамыз күні, Жоңғар ханы Цэван-Раптанның үлкен ұлы Галдан Церен басқарған қалмақтар шабуыл жасайды. Солдаттар зеңбірекпен жауап береді. Қақтығыстың үшінші күні қалмақтармен келіссөз басталады. «Біз тек Ертіс өзенінің қайдан басталатынын ғана көріп, ол жақтағы кен көзін ғана зерттейік деген ойымыз бар еді. Әйтпесе қалмақтармен соғысу біздің ойымызда да жоқ, ал өздерің тиіспесеңдер біз оқ атпайтын едік»-деп, қалмақтармен бітісіп, әрі күз уақыты да келіп қалған соң, экспедиция қайта қайтуға мәжбүр болады.

Ульба өзенінің құйылысына келіп, Ертістің Алтай тауынан шығар жеріне қамал салсақ, мемлекетке де пайдасыз болмас деп, Лихарев 1720 жылы 12-17 тамыз күндері Өскемен қамалының ірге тасын қалайды. Жаңа қамалдың комендантығына полковник Ступинді сайлап, осы жерге 363 адамдық гарнизон қалдырды. Қамалдың әрмен қарайғы құрылысын басқару да соған жүктеліп, өнер жағының жұмысы инженер-капитан Летранжға тапсырылды. Бұлардан басқа да қолөнер шеберлері, ұсталар қамал салу ісіне жұмыла кірісіп кетті дейді құжат деректері. Семей қамалының коменданты болып, Ступиннің орнына майор И. Вельяминов-Зерновты тағайындады. Семей және Уба қамалдары экспедиция мүшелерімен күшейтілді.

12 қазан күні И. М. Лихарев Тобол қаласына келіп, оның ертеңінде, 25 көлікпен Петерборга жол тартты. Оған 1720 жылы желтоқсан айында келіп жетті. Келген беттен сенаттың атына, Батыс Сібірдің тұңғыш картографтары геодезистер Иван Захаров пен Петр Чичагов жасаған «Ертіс өзені және оның жағасына салынған қамалдар» деп аталатын карта тапсырылды.

3 қаңтар 1721 жылы Иван Михайлович Лихарев сенатқа қосымша мәлімет пен «репорт» тапсырып, жаңадан салынған Семей, Уба, Өскемен және Тобол, Долонь, Ямыш, Железинска мен Омбы қамалдарында қанша офицерлер, солдат және басқа да қызметкерлер қалдырғанын жазыпты.

1721 жылы, І Петрдің өз бұйрығымен И.М.Лихаревке бригадир шені беріліп, соғыс коллегиясының мүшелігіне сайланады. Лихарев бастаған экспедиция осылай аяқталған еді. Кейін, І Петр қайтыс болғаннан кейін, 1725 жылы Ресей патшасы І Екатерина И.М. Лихаревке генарал-майор шенін беріп, ол Се¬менов полкінің лейб-гвардиясында қызмет атқарды.

1730 жылдардан бастап қазақтар Ресей мемлекетінің боданы (подданы) болуға ант етіп, Ресейдің қоластына кіре бастады. 1730 жылы Кіші жүздің және Орта жүздің кейбір ордаларының ханы саналатын Әбілхайыр хан, қол астындағы қазақтардың игі жақсыларын жинап алып, Ресей патшасы Аннаға бодан болуға өтініш білдірейік деп үгіттейді. Бірақ оған халықтың көпшілігі қарсы болып, тек Әбілхайыр ханның маңындағы біраз ғана адам қолдау көрсетеді. Ол туралы Ресей патшасының өкілі, әңгіменің басы-қасында болған, Мырза Тевкелев патшасына: «Әбілхайыр бодан болуды халқының келісімінсіз шешіп отыр»-деп, 1742 жылы Петерборға келген беттен жазбаша хабарлайды [129 бет]. Алексей Иванович Тевкелев (татарша аты Мәмет мырза, Құттымұхамет) Ресей императорының шығыс тілдерінен аудармашысы. І Петрмен бірге Парсы жорығына қатынасқан (1722 жылы). 1731 жылы Кіші жүзге Әбілхайыр ханмен оның халқын бодандыққа қабылдау үшін Орынборға жіберілген.

1739 жылы Орта жүздің ханы - Сәмеке хан өлгеннен кейін, халықтың қалауы бойынша Орта жүзге Әбілмәмбет хан болып сайланады. 1739 жылы Ресей мемлекеті Орынбор қаласына, Әбілмәмбет ханмен оның аталас інісі, Орта жүздің басқарушысы, Абылай сұлтанды, және Кіші жүздің ханы Әбілқайыр хандығы Ақ Патшаға ант ету рәсіміне шақыртады. Бірақ оған тек Әбілқайыр хан ғана келіп ант береді де, Орта жүздің басқарушылары тек Патшаға жазбаша түрде ғана өтініш білдіріп, мөрлерін басып жібереді. Бұқтырма қамалы 1764 жылы салынып, шығыс халықтарымен Ресей саудасының Сібір шебіндегі ең шеткісі еді [бұл да сонда 530 бет].

Сонымен, 1 Петрдің алтын іздеу мақсаты Ертіс бойын Ресей өкіметінің меншіктеуімен басталып, ақыры «Ақтабан шұбырындыға» соғып, Қазақ хандығының «өз еркімен» Ресейге бодан болуымен аяқталды. Онымен қоса талайлардың «бас ауыруы» болып отырған Жоңғар мемлекетінің құрып кетуіне әкеліп соқты. Осының бәрі кімнің ойластыруымен, қай мемлекеттің құпия саясаты екені, жоғарыдағы деректерден көрініп тұрған жоқ па?